Аурухана жайлы

 

Қазіргі кездегі толық атауы : Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ырғыз орталық аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны.

      Бас дәрігер: Сүлейменов Жасқайрат Досқалиұлы 11.07.1962 ж.т. 2003 жылдың 10 ақпанынан бастап қазіргі таңға дейін бас дәрігер.

    Аурухананың қазіргі таңдағы ғимаратының негізгі іргетасы қаланып, пайдалануға 1975 жылы берілген. Оған дейін Ырғыз өңірінде жалпы тұрғындарға арналған он төсектік аурухана 1887 жылы ашылды. Оның штатында дәрігер, фельдшер және акушерка болды. Оған қазіргі Шалқар, Әйтеке би және Ырғыз аудандарының жерлері қарады. 1894 жылы Ырғыз уезіндегі жүз мыңнан астам халыққа екі дәрігерлік учаске қызмет істеді. Осы жылдары, яғни 1894-1901 жылдар аралығында Қазан университетінің 1888 жылғы түлегі дәрігер Мұханбетжан Қарабаев Ырғыздың шалғай ауылдарын атпен аралап, ұланғайыр өлкенің халқына дәрігерлік қызмет көрсетіп, халық денсаулығын сақтауда үлкен еңбек сіңірді. 1909 жылы Ырғыз территориясы үш дәрігерлік учаскеге бөлінуіне байланысты, олардың орталықтары болып Ырғыз қаласы, Қарабұтақ және Шалқар поселкелері белгіленді. Сол жылы Ырғызда қосымша жеті төсектік аурухана ашылды. Тарихи деректер бойынша осы жылы 10120 адам аммбулаториялық, 10180 адам жатып емделу қызметін пайдаланған. М.Қарабаевтан кейін Ырғыздағы ауруханада революцияның аласапыран  кезеңінде, 1915-1918 жылдары Шишкина, 1919-1920 жылдары Матвеев, Гольберг дегендер қызмет істеді. Бұлардан кейін ауруханада мына дәрігерлер басқарып, еңбек еткен:

   1923-1924 ж.ж. – Шикаренко Н.П.

   1924-1925 ж.ж. – Плюсин А.А.

   1929-1934 ж.ж. – Мотовилов

   1931-1934 ж.ж. – Сұлтангереев Нәдірша

   1937-1938 ж.ж. – Бекашев Кәрім

   1938-1941 ж.ж. – Құлсейітов Мұханбетжан

   1941-1942 ж.ж. – Солодуб Н.П.

   1942-1943 ж.ж. – Долянь, Линефет

   1943-1944 ж.ж. – Хатько Н.К.

   1944-1945 ж.ж. – Сарсебаева Күлпан

   1946-1947 ж.ж. – Құлсейітов Мұханбетжан

   1947-1952 ж.ж. – Сұлтангереев Нәдірша

   1952-1959 ж.ж. – Бақиқызы Гаухар Құрмаева

   1959-1963 ж.ж. – Әкімгерей Төлегенұлы Төлегенов

   1970-1973 ж.ж. – Өтениязов Орынбай

   1975-1982 ж.ж. – Қайырбай Мұғалұлы Мұғал

   1982-1988 ж.ж. – Нұрлан Мерғалиұлы Үдербай

   1988-1991 ж.ж. – Рақымжан Мешітқалиұлы Ізбағамбет

      1991-1996 жылдар аралығында Ырғыз ауданының денсаулық сақтау саласын Орынбасар Елтеков басқарды. Бұл кезең бүкіл еліміздің экономикалық құлдырауының басы болған қиын уақыт болды. О.Елтеков осы қиын кезеңде жағдайды дұрыс түсіне біліп, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, денсаулық сақтау саласын қалыпты ұстай білген салиқалы басшы болды. Аудандағы медицина мекемелерінің уақытында жөнделіп, медицина аппаратуралармен жабдықталуына ықпал жасап отырды. Кейін, елге сіңірген еңбегі бағаланып «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

      1997-2000 жылдары ауданның бас дәрігері Сақтаған Тиышбайұлы Ахметов саланы қиын жағдайда қабылдап алды. Бұл бүкіл елде экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан уақыт болатын. Дегенмен, жаңа басшы жағдайдың бірқалыпты болуына көңіл бөліп, түрлі әлеуметтік проблемаларды шешуге көп күш жұмсады.

    2000-2003 жылдар аралығында аурухан бас дәрігері қызметін Серік Тілектесұлы Күзембаев атқарды. Бас дәрігер болып қызмет атқарған уақытта С.Т.Күзембаев қызметкерлердің жалақысын уақытында берілуін, ана мен бала өлімінің санын азайтуды, кадр мәселелерін шешуге көп ықпал жасады. Сонымен қатар, осы жылдары аудандық ауруханаға «ЗИЛ»- маркалы флюрография аппараты қондырылған автомашина (флюоропередвижка) берілді.

    2003 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аудандық орталық аурухананың бас дәрігер қызметін Жасқайрат Досқалиұлы Сүлейменов атқарып келеді. Қазіргі таңда ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2003-2012 жылдар арлығында жаңадан 9 (тоғыз) санитарлы автокөліктер, медициналық арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды. 2007 жылы Аманкөл елді мекеніне, 2008 жылы Қызылжар елді мекеніне жаңадан дәрігерлік амбулатория салынды. 2009 жылы Шеңбертал, 2010 жылы Жайсаңбай, 2011 жылы Қалыбай, 2012 жылы Ақши елді мекендеріне жаңадан медициналық пункттер салынды. Аудандық орталық аурухана бойынша қазіргі таңда тәулігіне 300 адам қабылдайтын емхана жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ауруханаға қарасты 5 дәрігерлік амбулатория және 14 медициналық пункт тиісті дәрежеде халыққа медициналық көмек көрсетуде.